М.Қыдырбайұлы. ЖАРКЕНТ КОЛЛЕДЖІ – ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ
ЖАРКЕНТ КОЛЛЕДЖІ –
ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ
Мұхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» ұлттық тәрбие бағдарламасының
(1990) авторы, Дүниежүзілік түркі халықтары педагогтары Ассоциациясының мүшесі,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, kursabaev1961@gmail.com
Биыл жері жайсаң, халқы мейірбан, қариясы
қазыналы, ұрпағы инабатты,
жазиралы Жаркент гуманитарлық-техникалық
колледжі 80-жылдық мерейтойын атағалы
отыр. Ол 1929 жылы мұғалімдер дайындайтын арнайы педагогикалық курс орталығы
ретінде ашылып, кейін педагогикалық училище және техникум дәрежесіне көтерілді.
Білім ордасы 1942 жылдан бастап Панфилов педагогикалық училищесі деп өзгерді.
Бүгінде Саурамбаева Баян Нүсіпбекқызы
басқаратын оқу орны ресми түрде Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі деп
аталады. Колледж қабырғасында «Бастауыш білім беру», «Музыкалық білім беру», «Мектепке дейінгі
тәрбие мен оқыту», «Технология», «Аударма ісі», «Туризм және қонақ үй сервисі»,
«Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша дәріс оқытылады.
Біз аталмыш оқу орнының 1980 түлектеріміз.
Топ кураторы марқұм Асубаева Тұрсынай апайдың жетекшілігімен және ғұлама
ұстаздар: Кенжебеков ағай, Нұршаев ағай, Габдуллов ағай, Қабимолдаев ағай,
Семен Степанович, София Андреевна, Лидия Феодоровна, Татьяна Викторовна, Елдос
Керімбайұлы, Жанат ағай, Мейманқыз апай,
Модангүл Нұрымқызы, Бозымбекова Мәрия, Хәфизям апай, Нұржау ағай, Тоқбаев
Тұрдыақын, Сапиев Тоқтасын, Райфа Дюсембинова, Сауранбаева Ұлжан сынды ғажап
жандардың тәлім-тәрбиесін алып «Бастауыш сынып мұғалімі және пионервожатый»
мамандығы бойынша бітіріп шықтық.
Бүгінгі таңда колледжді тәмәмдаған бізді
топтың ұл-қыздары мен басқа замандастар бір-бірімен адал дос, абзал ұстаз,
үлгілі жанұя, білікті маман, ғұлама ғалым және жақын туыс-бауыр ретінде
араласып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Колледжді бітірген біздің қырандар мен
сұңқарлар талай ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз, білікті
басшы, тәжірибелі маман және немере мен шөбере сүйіп отырған үлгілі үйелменге
айналды. Олардың арасында педагогикалық қауымның мақтанышы, ата-аналар мен
оқушылар арасында беделі кемел болған Алексеева Бақтыгүл, Бердікеев Жұмағали,
Оралбекова Эльмира, Нұрбекова Рыскүл, Нұрпейісова Дина, Құрманбекова Райгүл,
Қожақова Сәуле есімдерін атап өтуге болады.
Жоғарыда есімдері аталған ұстаздар және
1980 жылдары бізге тәлім-тәрбие берген адамдар заманы біз үшін ерекше болды. Білім
мен тәрбие үрдісінің жоспары түрде ұйымдастырылуы жастарға тек теориялық қазына
болып қалмай, әр шәкірттің жеке тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік туғызған
мәнді де мазмұнды тұтас педагогикалық-психологиялық ортаның пайда болуына
мұрындық болды.
Студенттердің сабаққа қатысуы мен алған
білімдерден нәтиже шығаруға бағыт таңдауға жұмылдыратын ұстаздар еңбегі мен
нақыл өсиеттері біздің жадымызда.
Жетекшіміз, марқұм Асубаева Тұрсынай бізді
қатал ұстағанына қарамастан, бәріміз бауырмал, көпшіл және шығармашыл тұлғалар
болып өстік. Тобымыздағы 30 студенттің 4-і ұл балалар болды. Олар: Даутов
Ертай, Бердікеев Жұмағали, Сұлтанбеков Қадырғали және мақала авторы. Қыздар
бізді өздерінің туған інілеріндей бауырына тартты, ашыққанда жайылып дартархан,
тарыққанда жақын туыстай тірек, қиналғанда жаны ашитын адал дос болды.
Колледждегі оқу-тәрбие процессі – бүкіл
Қазақстанға үлгі боларлықтай керемет білім ордасы болды. Біз дарынды өнерпаз,
ғажайып суретші, талантты мұғалім, таптырмайтын әдіскер-методист, тіпті, әнші,
ақын, биші, саксофонист, домбырашы, спортшы және педагог бойындағы ең керемет
қасиет – бала жүрегінен орын алатын тамаша тәлімгер болып өстік.
Міне, біздің Панфилов педагогикалық
училищесін бітіргенімізге 2020 жылы 40 жыл толады екен. Қай жерде қызмет етсек
те, Жаркент шаһары атын етіген кезде жанымыз жырға толып, кеудеміз қуанышқа
симай, қабырғамызға қанат біткендей ерекше күй кешеміз, мақтанамыз.
Бүгінгі таңдағы жазиралы Жаркенттегі ғұмыр
кешіп жатқан жерлестерімізге және білім ордасында тәлім-тәрбие алып жүрген жас
буын өкілдері мен ұстаз-педагогтар туралы біздер тұрақты ақпарат алып, олардың
жетістіктері мен қуаныштарына ерекше ықыласпен назар аударамыз.
Болашақта қол жеткізген табыстар мен
тәжірибелерге негізделе отырып, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне зор
үлес қосатын жоғары мәдениеті, ұлтжанды, заманауи технологияларды бойына
сіңірген дарынды тұлғалар мен мамандар дайындау ісінде биіктен көрінеді деген
сеніміміз мол.

Комментарии
Отправить комментарий