Мүхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ. ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАРЫ...

ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАРЫ...

немесе Жезді өңірінің жарық жұлдызы һәм жарқын тұлғасы, ғалым-географ Теміреева Фарида Мамбеталиқызын еске алу құрметіне арналған Республикалық конференция жиынынан түйген ой-тұжырымдар

Мұхамедрахим Қыдырбайұлы, профессор, Астана, kursabaev@outlook.com


      Үстіміздегі жылдың 30 наурыз айында Астана қаласы №73 орта мектеп ғимаратында ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Теміреева Фарида Мамбеталиқызын еске алу құрметіне арналған Республикалық конференция болып өтті. Аталмыш іс-шараның өткізілуіне Астана қаласы білім басқармасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті (ЕҰУ) география және туризм институты (ҒЗИ) және Фарида Мамбеталиқызының шәкірті, №73 мектеп директоры Байтажикова Құралай Аманкелдіқызы мұрындық болды.
      Жиынның өзге конференциялардан ерекшелігі ғаламдық Facebook порталы арқылы тікелей эфирде әлемнің бірқатар елдерінде таратылды.



      Алғаш сөз алған «Ұлытау» Ұлттық қорының директоры Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлы ғалым-географ Темірееваның ғұмырнамасы һақында баяндама жасады. Баяндамашының мағлұматы арқылы мезгілсіз бақилық болған Теміреева Фарида Мамбеталиқызының, өз Отанын жанындай сүйген жалынды тұлға, аяулы ана, аса дарынды ғалым, көрнекті қоғам қайраткері ретінде ел аузында қалып, бүгінгі ұрпақ үшін  өнеге болғаны туралы лебізіне барша жұрт қанық болды.
     Түптеп келгенде, Фарида Мамбеталиқызының аз ғұмырында орасан еңбек етіп, өмір ортасының қай саласында болмасын әділдік пен парасаттылықты, жауапкершілік пен қайсарлықты ту еткен білікті маман, ұлықты жетекші һәм мейірімді жан екенін сезгендей болдық. Ғалымның өз ісіне деген шынайы сезімі мен әрекеті, шәкірттері мен әріптестеріне деген адалдығы, Олжас Сүлейменов пен Әлихан Байменов ұйымдастырған «Невада-Семей» және «Ұлытау» қоғамдық ұйымдарының, өңірде кең қанат жаюына қосқан үлесі және кейбір  ер-азаматтардың қолынан келе бермейтін  шексіз пәктік пен қайырымдылыққа толы ұлағаттары істері, сөзсіз көпшілік қауымның жүрегін жылытып, намысын оятты, апамыздың қазақ әйеліне тән тәккапарлық кіршіксіз зиялылықтың жарқын қайнары екенін танытты. Ал, ғалымның география, туризм мен өлкетану саласындағы ұшқыр идеялары мен танымдық қағидалары, ғылыми тұжырымдары мен әфсаналарын теріп айту һәм жазу өз алдына жеке мәселе және ғылыми тақырып дер едік.




     Конференцияның мәнді де, мазмұнды да өтуіне жаңаша серпін берген, Антарктидаға сапар шеккен тұңғыш қазақ-жиһангері, профессор Мазбаев Орденбек Білісбекұлы отырыстың құндылығын арттыра түсті. Орденбек Білісбекұлының топшылауынша мектеп оқулықтарында, әсіресе қазақ тіліндегі материалдардың стилистикалық олқылықтарын түзетуге байланысты ой-тастамы көпшіліктің назарына ілікті.



      Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының кандидаты, Мұса Қадыр Шайнұлы баяндамасы көпшіліктің ойында тұрған ауқымды мәселелермен ұштасқандай әсер қалдырды. Ғалымның жаратылыстану бағытындағы оқулықтардың сапалы жазылуын қадағалайтын немесе тіл стилистикасы мен логикалық терминдердің аражігін ажыратуда көрегендік танытатын кәсіби мамандар құрамын анықтаудың мемлекеттік критерийлері қандай талапқа негізделгені жөніндегі өткір пікірі, көп сұрақтардың жауабын тапқандай әсер қалдырды.



      Мәскеу ғылым ордаларында мол тәжірибе жинақтаған абыз ана, ғұлама ғалым, қазақ экология ғылымдарының дамуына мол үлес қосқан профессор  Ғабдуллина Майра Хасенқызы аталмыш конференцияның айырықша форматта өтіп жатқанын қуана хабарлады. Кейінгі жылдары Әліби Жангелдиннің саяхаты һақында зерттеу жүргізіп жатқан апамыз өзі дайындаған монография мен саяхат-картасын мектеп директоры Құралай Аманкелдіқызына тарту етті.  


      Астана қаласы білім басқармасының өкілі Меңдібаева Айман Тәубақызы аталмыш шараның Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапқаны жөнінде басқарма бастығы Қасымқан Сеңғазиевтің ықыласын жеткізді.  Сондай-ақ, аталмыш жиынның Қазақстанда тұңғыш рет Интернет ресурстары арқылы тікелей эфирде жүргізіліп жатқанын атап өтті.


      Қытай Халық Республикасы, Ұлттық ғылым Академиясы география ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Адай Секен, екі ел арасындағы туризм индустриясының келешегі һақында ел экономикасы үшін маңызы зор мағлұматармен бөлісті. Ғалымның пайымдауынша, ҚХР ҰҒА мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ география және туризм ҒЗИ бірлесе отырып, екіжақты туристер алмасу жөнінде келісімдерге қол жеткізілген. Сөз арасында ғалым ғаламдық масштабта дамып келе жатқан «Human geography» пәнін бүгінгі тәжірибемізде қолданудың артықшылығын атап өтті.
      Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,  география ғылымдарының докторы Тасболат Байболат мырза география ғылымының заманауи жағдайда дамуы мен қайта жаңғыруы барысында жаңа мамандар дайындау ісіне мемлекеттік қолдау қажет екенін жапсарлап берді.


       Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған мемлекеттік университетінің доценті, георафия ғылымдарының кандидаты Тұрсынбаева Қания Саянқызы география пәнін жоғарғы оқу орындарында заман талаптарына сай оқытудың инновациялық жолдарын білім ордаларында кешенді түрде ендірудің бағыттары жөніндегі көпжылдық тәжірибесімен бөлісті.
      Фарида Мамбеталиқызымен ұзақ жылдар қызметтес болған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физикалық және экономикалық география кафедрасының доценті, георафия ғылымдарының кандидаты, Ауезова Зауре Таңатарқызы мен оның әріптесі, география ғылымдарының докторы Мусабаева Меруерт Насурлаевна,  географ-ғалым апамыздың жарқын бейнесі қашанда барша жұрттың жадында мәңгілік сақталатынын айта келе, профессор Темірееваның өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, достарына адал, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын табанды жетекші һәм ұдайы шығармашылық ізденіс пен ұшқыр идеялар шыңында жүретін ғажап жан екенін тамсана жетізді.


      Сондай ақ, Жамбыл облысы, Шу ауданы оқу бөлімінің әдіскері Наурызбаева Эльмира, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУпрофессоры, биология ғылымдарының кандидаты, Нұрғалиева Зина Жағыпарқызы,  Қарағанды қаласы, №18 орта мектеп мұғалімі Жақанова Меруерт, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Әлия Ескермесқызы, Қаржы академиясының оқытушысы Әміре Мөлдір, Астана қаласы №4 мектеп директоры Сыздықова Базаркүл Сағындыққызы, Қарағанды политехникалық колледжі оқытушысы, Қамбаров Нұрлыбек, Астана қаласы №50 мектеп мұғалімі Қабанбай Бекетұлы, №20 мектеп мұғалімі Оспанова Нурия, №74 мектеп мұғалімдері Аяпова Гульдана, Қонқабаева Гульмира,  Назарбаев зияткерлік мектебі мұғалімі Масатбаева Салтанат және басқа қатысушылар жеке пікірлерімен бөлісіп, ой-ұсыныстарын білдірді.
     Конференция барысында баяндалған материалдар мен пікірталас барысында түйінделген ой-тұжырымдар негізінде төмендегідей шешім қабылданды:
      1. Географ-ғалым   Теміреева Фарида Мамбеталиқызының әдістемелік-педагогикалық мұраларын ұрпақ жадында сақтау мен заманауи білім жүйесінде ендіру мақсатында жыл сайын дәстүрлі «Теміреева оқулары» Республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу.
     2. Жоғарғы оқу орындары студенттері мен магистранттары, колледж һәм мектеп оқушылары арасында ғылыми жобалар сайысын ұйымдастыру және үздік жас ұрпақ өкілдеріне Фарида Мәмбеталиқызы атындағы жүлде тағайындау.
     3. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында туризм, өлкетану, тарих, мәдениет, экология, ғылым мен техника, білім тарихы мен ұлттық рухани мұраларды қастерлеу мен дәріптеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі өткізілетін Халықаралық конференциялар мен форумдар ұйымдастыру.
     4. География және басқа жаратылыстану пәндерін оқытудың заманауи жүйесін қалыптастыру мен дамыту мақсатында Астана қаласы, №73 мектеп базасында арнайы ресурстық орталық ашу.
     5. Мектеп оқулықтарының сапасы мен стилистикалық мазмұнын заман талаптарына сай сұлбалануы мен көркемделуіне объективті түрде баға беретін қоғамдық Сарапшылар (эксперттер) Алқасын құру.
     6. Теміреева Фарида Мамбеталиқызының мемлекеттік санаттағы «профессор» және «академик» ғылыми атағын алмағанын ескере отырып, оның жанқиярлық еңбегі мен қоғамдық сипаты мен  құндылығын ерекше атай отырып «Халық профессоры» атағын беру. 

Комментарии

Популярные сообщения из этого блога

М.Қыдырбайұлы. ЖАРКЕНТ КОЛЛЕДЖІ – ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

Мұхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ. ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕСІЗ – ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП БОЛМАЙДЫ

ЭТНОПЕДАГОГИКА МҰРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНДЕГІ ОРНЫ. М.Қыдырбайұлы